|
Кейінгі кезде еліміздегі баспасөз құралдарында аяқдобымыздың қазіргі жағдайы көп жазыла бастады. Сайттар мен порталдардағы осындай мақалалардың астындағы пікірлерден көз сүрінеді. Бәрі де – таусыла, ашына жазылған ой-пікірлер. Алайда жанкүйерлердің де, БАҚ-тың да, басқаның да жан айқайын тыңдайтын құлақ жоқ. Жанкүйерлер тіпті Елбасының атына ашық хат та жолдады http://www.zonakz.net/blogs/user/otkrytoe_pismo_futbolnyx_bolelschikov_prezidentu_rk_n_a_nazarbae/13208.html . Ал жақында Мәжіліс депутаты Мұрат ӘБЕНОВТІҢ сұхбаты жарық көрді http://www.zonakz.net/blogs/user/football/13298.html . Халық қалаулылары арасында да Қазақстан футболындағы қалыптасқан жағдайды хош көрмейтіндерін біліп, қуанып жатқандар саны шектен тыс көп.
Мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ та ел футболының қазіргі ахуалына көз-көзқарасын білдіруде http://www.alashainasy.kz/sport/12397/ .
Енді тыңдасақ:
– Дәл қазір футболдан Қазақстан құрамасының ойынына көңілі толып отырған азаматтарды көріп отырған жоқпын мен. Өйткені ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан да менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылардың кем дегенде 70 пайызы қазақ азаматтары болуы керек. Бұл басбапкерге қойылатын негізгі талап болуы керек. Екіншіден, шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алу керек. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектеп терінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау керек. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелу керек. Сонда ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Мен басқа жолды көріп отырған жоқпын. Өз ұлдарымыз ойнамайынша, ешкім де біз үшін жанталасып, арамтер болмайды. Ешкім де қазақтың намысын қорғап, жарытпайды. Сол себепті жергілікті футболшыларға көп көңіл бөлінуі керек. Ұлттық құрама жасақтауымыз керек. Ал Бернд Шторк бірнеше футболшымызды құрамаға маңайлатпай жүр.
Содан соң футболда бәрі ашық болуы керек. Халықтан жасырып, жабулы қазан күйінде жүргізуге болмайды, бар істі. Бәрі ашық түрде, әрбір футболшы, жаттықтырушы қанша жалақы алады, соның бәрін баспасөзде жариялап, талдау жасау керек. Әйтпесе мұндай жасырын футболмен бауырымызды жаза алар емеспіз. Мысалы, жақында әлем чемпионаты өтті. Бәріміз де көрдік. Сонда допты бізден кейін тепкен, бұрын футболы жоқ елдердің де шығып жатқанын көрдік. Ал олар қалай шығып жатыр ақтық сынға?! Оларда Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы басым. Бізде ондай отансүйгіштік бар ма?! Бізде бір жыл ойнайды, ұнамаса кете салады. Азаматтық алды ма, бір жылдан кейін одан шығады да, басқа елдің азаматтығын ала салады. Бұл бір кіріп-шығатын есік секілді. |