|
Қазақстан құрамасының Еуро – 2012 іріктеу сыныдағы екі кездесуде жеңілуі жанкүйерлер қауымының ызасын тудыруда. Шторктің тақтан түсуін қалайтын жұрт көп. Жанкүйерлердің айтуынша, Шторктың орнын басар бірден бір білікті бапкер – Владимир Муханов. Бүгін назарларыңызға “Ақтөбе” командасының бас бапкерімен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. -Әңгімемізді «АЗ» командасымен өткен ойыннан бастасақ… – Бұл матчта біз жақсы ойын өрнегін көрсеткенімізбен, қақпамызға болмашы допты жіберіп алдық. Осы доптың кесірінен биыл тағы да «Еуропа лигасының» топтық кезеңіне шыға алмадық. Футболшылар шешуші сәтте дұрыс шешім қабылдай алмай, қаншама мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмадық. Алайда, жігіттерге алғыс айтқым келеді. Жарайды, бұл жолы шыға алмадық, бірақ біз Еуропаның азулы командасын өз алаңымызда жеңдік қой. Бұл, деңгейіміздің сәл болса да жоғарылағанын көрсетеді. Және 90 минут бойы қосымша күш-қуат берген жанкүйерлерге де алғысымыз шексіз.
– Владимир Васильевич, екінші таймда шәкірттеріңіз шабуыл үстіне шабуылды одан әрмен үдете түсті. Үзіліс кезінде жігіттерге қандай нұсқау берген едіңіз? – Қарсыластарымызды жеңуіміз керек екенін және біз үшін тек ақтөбеліктер емес, бүкіл Қазақ елі жанын шүберекке түйіп отырғандығын саналарына құюға тырыстым. Сол тапсырмамды бұлжытпай орындағандарына қуаныштымын. Қайталап айтамын, бұл жерде бізден сәттілік кері айналды. Әйтпегенде, жеңіс уысымызда тұрған еді. – Ойыннан кейінгі футболшыларыңыздың көңіл күйін айтып берсеңіз? – «Еуропа Лигасының» топтық кезеңіне шыға алмадық деп барлығының ұнжырғасы түсіп отыр екен. Алайда, ойыншыларға басу айтып, келесі жылы бұдан да биік шыңдарға талпынатынымызды жеткіздім. – Дәл солай болатынына сенімдісіз бе? – Неге сенімді болмасқа? Алдыңа үлкен мақсат қоймасаң, онда не үшін спортпен шұғылданасың? Команда басшылары барлық жағдайымызды жасап отыр. Сондықтан алдымызға үнемі биік мақсаттар қоямыз. Оның үстіне биыл ұжым арасында топтық кезеңге шығамыз деп өзара мақсат қойған болатынбыз. Бұл жағдайды басшылар да қолдады. Әттең… – Осы маусымда еуро турнирге Қазақстан атынан түскен 4 команданың ішінде тек «Ақтөбе» ғана елімізге ұпай алып берді. Осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырған команда жігіттеріне «құда түсушілер» болған жоқ па? – Әзірге жоқ. Бірақ «АЗ» командасының бас бапкері Гертьян Вербеек біздің бірнеше ойыншының Еуропа командаларында негізгі құрамнан орын алуларына қауқары жетеді деді. Кім біледі, алдағы уақытта ұсыныс түсіп қалар. – Ал сіздер тарапынан Израиль мен Голландия командаларынан шақыруға тұрарлық ойыншыларыңыз бар ма екен? – Бары бар ғой, алайда, мықты ойыншылар аз ақша тұрмайтыны белгілі. Сол себепті аталмыш ойыншыларды қалтамыз көтермейді. – Биыл «Ақтөбе» ойыншылары 40 пайызға жаңартылды. Команданы бір деңгейге түсіру кезінде ішкі чемпионатта «алтын ұпайды» жоғалтып, көшбасшыдан 10 ұпай қалып келесіздер. Чемпиондық тәжден әлі де үміттеріңіз бар ма? – Білесіз бе, мықты команданы жасақтауға бірнеше жыл уақыт керек. Бізде қазір ойыншыларды қадағалап отыратын адам жоқ. Көктемде жасаған 2-3 оқу-жаттығудан кейін, жаңа ойыншылар сатып аламыз. Соның салдарынан көп жағдайда бапкер қателіктерге бой алдырады. Мұндай бағыт бапкерге кері әсерін тигізеді… Иә, биыл командамызда біраз ауыс-түйістер болды. Алайда, қазір барлығы өз орнында. Ал чемпионатқа келетін болсақ, мен сіздің «алтын ұпай» деген сөзіңізге келіспеймін. Әрине, көшбасшы командамен арақашықтық айтарлықтай, әйтсе де, алдымызда әлі бірнеше тур бар екенін ұмытпайық. Сондықтан «спектакльдің» көкесі алда. – Бүгінгі ойында легионерлерге көңіліңіз толды ма? – Кәсіпқой футболшы кез келген қапталда ойнай білуі керек. Менің ойыншыларым да сондай нұсқауды орындай алады. Сондықтан Эссомба болсын, Перич болсын, барлығына көңілім толды. – Осы ойыннан кейін командалар 10 күнге үзіліске шығады. Сол аралықта қандай жоспарларыңыз бар? – Біз бір айдың көлемінде ең маңызды деген 8 ойын өткіздік. Жігіттер қатты шаршамаса да, әжептеуір әлсіреп қалды. Сондықтан ұжым 1 қыркүйекке дейін демалыс алады. Сосын Мәскеуде бір апталық жаттығу өткізіп, ол жақта жергілікті бір командамен жолдастық кездесу өткізсек деген жоспарымыз бар. – Неге Мәскеуді таңдадыңыздар? – Мәскеудің ауа райы футбол ойнауға сәл ыңғайлы. Оның үстіне ол жақта жолдастық кездесу өткізу үшін команда жетерлік. – Жаңа сіз команда бір айда 8 ойын өткізді дедіңіз. Ал Англия немесе Испанияда айына 8-9 ойын өткізеді емес пе? – Біздің деңгейді аталмыш футбол державаларымен салыстырудың өзі күлкілі. Ол жақта футболға деген көзқарас басқаша және футболшылардың деңгейі өте жоғары. Сосын қосалқы құрамдағы аяқдоп шеберлерінің өзі негізгі құрамдағы кез келген футболшыны алмастыра алады. Сол себепті оларда аса бір қиыншылық бола бермейді. – Енді әңгімемізді құрамадағы ойын-шыларға қарай бұрсақ. Қазақстанның құрамындағы ойыншыларға көңіліңіз тола ма? – Әр бапкердің көздеген мақсаты бар. Сол себепті бұл сұрағыңызға жауап бермей-ақ қояйын. Алайда, мен құрама бапкері болсам, Мұрат Тілешовті қарамағыма алар едім. Оның өзіндік ойын тактикасы, стилі бар. Әрі ол соңғы кезде көптеген маңызды допты соғып жүр. – Ал Футбол федерациясы бапкер болыңыз деп ұсыныс жасаса, келісер ме едіңіз? – Алдымен ұсыныс білдірсін, сосын ары қарай көрерміз…
Ақтөбе қаласы «Нұр Астана» |
Комментарии
Көрейік
RSS лента комментариев этой записи